Колледж

«Жезқазған технология және сервис колледжі» КММ-нің тарихы

«Жезқазған технология және сервис колледжі» КММ – кәсіби білім беру саласында терең тарихы бар және Қазақстандағы мамандар даярлау дәстүрін жалғастырып келе жатқан беделді оқу орны. Колледждің тарихы 1955 жылдан бастау алады. Сол жылы Жезқазған тау-кен металлургия комбинаты үшін құрылыс саласына қажетті мамандарды дайындау мақсатында №6 техникалық училище құрылды. Бұл оқу орны саланың талаптарына сай мамандарды кәсіби дайындауға арналған алғашқы қадам болды.

1957 жылы оқу орны СУ-6 болып қайта аталып, 1964 жылы Жезқазған қаласының №36 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі (ГПТУ) статусын алды. Сол кезеңде оқу орны құрылымдық өзгерістер мен дамудың алғашқы сатысын бастан кешірді.

Колледждің атауы мен құрылымында бірқатар маңызды өзгерістер орын алды:

• 1984 жылғы 13 тамыздағы №36 бұйрыққа сәйкес №36 ҚКТУ атауы №36 ОКТУ болып өзгертілді;

• 1996 жылғы 23 мамырдағы №220 бұйрық негізінде №36 ОКТУ мен №15 ОКТУ біріктіріліп, №6 кәсіптік-техникалық мектеп (КТМ) құрылды. Бұл өзгерістер оқу орнының дамуына елеулі серпін берді.

Колледждің қалыптасу кезеңінде елеулі үлес қосқан басшылардың бірі – Достанбеков Қасқырбек Сәленұлы. Ол оқу орнының іргетасын берік қаландырып, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы білім ордасын тұрақты даму жолына шығарды.

• 2000 жылғы 18 шілдедегі №370 бұйрыққа сәйкес №6 кәсіптік-техникалық мектеп (КТМ) №6 кәсіптік мектеп (КМ) болып қайта аталды. Бұл өзгеріс білім беру жүйесіндегі жаңа бағыттарға бейімделудің көрінісі болды.

• 2009 жылғы 12 қаңтардағы №3 бұйрық бойынша оқу орны «Жезқазған қаласының №6 кәсіптік лицейі» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Бұл кезең колледждің мәртебесін көтеріп, білім беру сапасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.

2011 жылдан бастап колледжді Жақенов Талғат Тоқабаевич басқарды. Ол білімі мен тәжірибесі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті күшті, ұжым арасында зор беделге ие тұлға болды. Талғат Тоқабаевичтің жетекшілігімен колледж жаңа даму кезеңіне қадам басты, материалдық-техникалық базасы нығайып, білім беру сапасы айтарлықтай артты. Ол заманауи талаптарға сай жаңашылдықтарды енгізіп, дуальды оқыту жүйесін дамытты. Студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуы – оның басты ұстанымы болды.

Талғат Тоқабаевичтің көреген басшылығының арқасында колледж республикалық деңгейде танымал болып, түрлі байқаулар мен чемпионаттарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ұжымда моральдық-психологиялық ахуал қалыптасты, әр қызметкер мен студенттің әлеуетін ашуға жағдай жасалды.

• 2012 жылғы 28 желтоқсандағы Қарағанды облысы әкімдігінің №66/06 қаулысы негізінде оқу орны «Жезқазған технология және сервис колледжі» КММ болып қайта аталды.

• 2022 жылғы 10 тамыздағы №08/04 қаулыға сәйкес колледж Ұлытау облысы білім басқармасына өтті және қазіргі атауын сақтап қалды.

Колледж өз қызметін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті берген лицензиялары мен оқу орнының Жарғысы негізінде жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда колледж – кәсіби мамандарды даярлауда көшбасшы, сапалы білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын, заманауи талаптарға сай білім беру мекемесі.
Тлеужанова Марал Карибаевна 2026 жылдан бастап колледждің қазіргі басшысы болып қызмет атқарып келеді. Оның жетекшілігімен біз колледждің әрі қарай дамуы, материалдық-техникалық базасының жаңаруы және білім беру сапасының артуына сенім артамыз. Сонымен қатар, Марал Карибаевна қазіргі заман талабына сай оқыту әдістемелерін енгізу, студенттердің шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамыту бойынша маңызды қадамдар жасап келеді.

Всего комментариев: 0